Наурыз - шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі.. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Самарқанның көк тасы жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. 

Міне, осы мереке қарсаңында Амангелді аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Армысың, әз - Наурыз» атты думанды кеш өткізілді. Тұрақты оқырманымыз,ауыл ақсақалы Сейдахметов Қозы ағамыз берекелі дастарханымызға құдайы қонақ боп, ақ тілегін айтып, батасын беріп,қыз-жігіттер «Қаражорға» биін билеп, дастархан толы ұлттық тағамдардан дәм татып, ризашылықпен тарасты.

Сонымен қатар «Наурыз мерекем – Құт берекем!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.