Бүгін Қазақстанның ұлттық валютасы – Теңге күні және еліміздің қаржы жүйесі мамандарының төл мерекесі. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасында бірінші рет ұлттық валюта теңге айналымға жіберілді. Әр елдің ұлттық ақша бірлігі, яғни валютасы болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы теңгенің  де өз шығу тарихы бар.

Қазақстанның ұлттық теңгесін жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Себебі бұл көп еңбекті, күшті қажет ететін күрделі жұмыс. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Олар барлық дүние жүзіндегі мемлекеттердің және ел тарихындағы теңгелермен танысты. Алайда Қазақстанда теңге жасайтын арнайы мамандар мен шеберханалардын жоқтығынан, бұл саланың қызметкерлерін шетелден іздеуге тура келді. Оны «Лонро» ағылшын мекемесінің «Харрисон» деп аталатын фирмасы қолға алды. Беттеріне қазақтың біртуар ұлдарының суреттері салынып, сапалы, арнайы дайындалған қағаздан жасалды. Бабалар бейнесін кескіндегендер Қайролла Ғабжанов, Меңдібай Алин. Міне, содан бастап төл теңгеміз егемендіктің символына айналып, тәуелсіздіктің сенімін одан әрі нығайта түсті. Бүгінгі таңда да теңге өзінің тұрақтылығын сақтап, ел экономикасын нығайтуға үлесін қосуда. Осы айтулы мереке қарсаңында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Теңге – тәуелсіздігіміздің тірегі» атты суретті көрме ұйымдастырылды. Теңгенің дүниеге келу тарихы туралы көрме жасалды. Көрмеге Елбасының еңбегі, еліміздің алғашқы және қазіргі уақытта қолданыста жүрген теңгелері, ақшаға қатысты дәйек сөздер жазылып оқырмандарға таныстырылды.

М.Әміржанова

Амангелді аудандық

орталық кітапхана қызметкері