Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Сәкен Жүнісовтың 80 жыл толуына орай  ««Сәкен Жүнісов жан –жақты парасатты, өнердің әрбір саласынан  өзін танытқан тұлға»»атты кітап көрмесі таныстырылып, оқырмандарға шолу жасалды.


С. Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер болып табылады.

Ол өз замандастарының арасында ауқымды шығармашылық қарымымен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін. Туған халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері атап, аялап еркелетті.

Аяулы азамат, үлкен қаламгер Сәкен Жүнісовтің жарқын бейнесі әрдайым ел жүрегінде сақталады. Оның озық туындылары халқының рухани қазынасына айналып,  болашақ ұрпақтармен бірге жасай береді.

Сәкен тірлігінде көп еңбектенді, мол жазды. Әдебиеттің қай жанрында да көсіле қалам тербеген Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов жазып қалдырған алтын қазына былайғы уақытта жұртымен бірге жасайтынына күмән жоқ.

Шолу барысында кітапханашы оқырмандарды жазушының атақты «Ақан сері» романының 1- 2 томдығы, «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Аманай мен Заманай», повестері мен «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі» т.б. пьесалары жинақталған 1-2 томдық кітаптарымен таныстырып, «Қылмыскерлер» драмасының мазмұнына тоқталды.

 

Зарина Амантайқызы.

Қостанай облысы,Амангелді ауданы

Аудандық орталық балалар кітапхансының

меңгерушісі