Елімізде «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады. Акция бойынша биыл елболып Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы және Әбділдә Тәжібаевтың поэтикалық шығармаларын оқимыз.Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасы «Тұлғаларды ұлағаттау –ел мерейі», атты тұрақты кітап көрмесін жасақтап жыл бойы оқырмандарға таныстырылатын болады. Көрмеге   Әбіш Кекілбаевтың және Әбділдә Тәжібаевтың туындылары көрмесімен және олардың өмірбаянымен таныса аласыздар.

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Оңды ауылында туған. 1962 жылы Қазақ мемекеттік университетін бітірген. 
Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолы поэзиядан басталды. 1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. Содан бергі уақытта проза, әдеби сын, көркем аударма, көсемсөз, драма, көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп келеді. Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы.

Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.

Әбділдә Тәжібаев — атақты ақын, көрнекті ғалым, танымал драматург, белгілі қоғам қайраткері. Қазақ әдебиетінің тарихында есімі алтын әріппен жазылар ірі суреткер. Шоқтықты тұлға. Ол, сонымен қатар, әдебиеттану, театртану саласында да көп бейнеттенген ілім иесі.

30-40-шы жылдары сыршыл лирик ретінде танылған Әбділдә ақын мөлдір поэзия әлемінің асқақ романтикасын сол уақыт рухына сай әдемі түйсінген еді. Уақыт, заман, кісі тағдырлары мен олардың әлеуметтік, психологиялық болмыс-сипаттарын терең ашар тұстарда ақын жүрегінің атқақтай түсерін оның өлең жолдарынан анық байқап отырамыз. Ақын поэзияларында лирикалық ой мен сыр-сезім қисынды түйісіп, мазмұнмен табиғи тоғысып жатады. 

Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасынан көрмеміздегі кітаптарды оқып, тамашалауға шақырамыз.

Зарина Мусабаева

Қостанай облысы,Амангелді ауданы

Аудандық орталық балалар кітапханасының

меңгерушісі