Жыл сайын елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы мерекесі тойланады. Отбасы адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі.

Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Ананың ыстық аялы алақаны,әкенің асқар таудай биік тұлғасын, зерделі ой-мақсатын кейінгі ұрпаққа жалғастыру қандай бақыт! Отбасы-шағын мемлекет,қоғамның негізі болып табылады, өйткені мемлекетіміздің дамуына өркендеп өсуіне үлес қосатын болашақ негізі әр отбасының жемісі.

Аталмыш мерекенің маңыздылығын ескере отырып, отбасы құндылықтарын насихаттап, ата-ана мен бала арасында ізгі қарым-қатынастың орнауына ықпал ету мақсатында Амантоғай ауылдық кітапханасында «Мықты отбасы-мықты мемлекет» атты кездесу кеші өткізілді.

         Бұл кешке Амантоғай жалпы білім беретін орта мектебінің психолог маманы Есенаманова Айгүл, көп балалы аналарымыз алтын алқа иегері, орыс-тілі пәнінің мұғалімі сегіз баланың анасы Жармағанбетова Әсемгүл, күміс алқа иегері, музыка пәнінің мұғалімі Кәкімжанова Қолғанат және  10-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Едресова Жұлдызай қатысты. Бұл кісілер ардақты ана, асыл әжелер. Балаларын өсіріп, оқытып немере сүйіп отырған ауылымыздың үлгілі, сыйлы отбасылары.

         Отан отбасынан басталады деген дана сөз бар. Ата-ананың бір-біріне қарым-қатынасы, сөйлеу мәдениеті, жүріс-тұрысы барлық іс-қимылдары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. Осының барлығын жас бала бойына сіңіріп өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген             ата-бабамыздан қалған асыл сөз текке айтылмаған.

       Бала тәрбиесі-ортақ іс. Сондықтан кітапханада өткен іс-шара барысында қонақтар жасөспірімдермен ой бөлісіп, өнегелі әңгімелер айтылды. Кітапханашы тарапынан ситуациялық сұрақтар қойылды.

          Сонымен қатар кітапханамызда «Отбасы алтын-діңгек» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге отбасы жайлы кітаптар, журналдар қойылды. Кездесу кеші көңілге керемет әсер қалдырды.