«Бүгінгі бала кітап оқымайды» деген пікірмен келіспеймін.

Жоқ, кітап оқымайтын бала болмайды. Қызықтыра алмайтын ата-ана, мұғалімдер, үлкендер деуіміз керек. Кеше дүние есігін ашқан баланың ойында кітап туралы ешқандай түсінік жоқ. Егер кітапты сатып әкеліп, «ой қандай тамаша, кел оқиық» деп уақыт бөліп бірге оқитын болсақ, кез-келген бала қызығады. Бірақ мұны ертерек бастауымыз керек. Тіпті бір жастан бастап балаға кітаптың суреттерін көрсетіп еліктіре бастаған дұрыс. Сонда ғана баланы кітап оқуға баурай аламыз.

Бүгінде қазақ тіліндегі балаларға арналған қызықты кітаптар жеткіліксіз…
Қазір суреттері әдемі, қағазы сапалы кітаптар баршылық. Бірақ көбінің ішкі мазмұны ойға қона бермейді. Тілі ауыр, оқиғалары мәнсіз екенін байқау қиын емес. Сосын бізде балалардың жүрегін жаулап алған, аузынан түспейтін, кітаптағы кейіпкерлері түстеріне кіретін Қазақстандық балалар жазушылары некен-саяқ. Тіпті балаларға «қандай балалар жазушыларын білесіңдер?» деп сұрағанда мүдіріп қалады. Сондықтан бұл ойланатын мәселе…
Уақыт өте электронды кітаптар алға шығып, қағаз кітаптар жойылады деген пікірлер болған…
Егер кітап нарығын барласақ, мүлде олай емес екен. Қайта қазір дамыған елдерде қағаз кітаптардың жаңа «шуы» басталды деуге болады. Жапон, АҚШ, Ағылшын елдерінде кітап өндірісі дамып жатқаныны туралы ақпараттар таралып отыр. Өркениетке қарай дамыған сайын адам және оның адами болмысына рухани құндылықтың өзгермейтіні хақ. Сондықтан әр заманда адамға электронды кітап емес, қолға ұстап оқитын қағаз кітап керек.
Мен бүгінгі балаларға қандай кітаптар жазылғаны абзал деген тақырыпта көп ойланамын.
Егер әлем елдеріндегі кітап нарығы туралы ақпараттарды барлап сөйлейтін болсам, әйгілі тарихи тұлғалардың балалық шақтары туралы көркем туындылар мен қиял-ғажайып кітаптар жақсы өтуде екен. Яғни, біз де балаларымызға Абай, Шоқан, Ыбырайдың балалық кезеңдерін бейнелейтін көркем әдеби кітаптар ұсынайық, аударма емес төл туындылардан арман-тілектерді ұштайтын ертегілерді түрлі тақырыпта жазайық. Сондай-ақ әртүрлі ықшам ақпарат беретін энциклопедиялар да жақсы. Бірақ олар көркем туындының орнын баса алмайды. Сондықтан балаларымызға қиялын шарықтайтын көп-көп көркем туындылар керек.
Түрлі зерттеулерді саралай келе, әрі өз тәжірибеме сүйеніп, мен балаға кітап оқытудың бес амалын түйіндедім.
Балаға кітап оқытудың бес амалы:
1.Балаға кітап оқып беруді бір жастан бастау керек.
2.Балаға кітапты анда-санда емес, күнде аздан оқып беруді әдетке айналдыру керек.
3.Бала өз бетінше кітап оқуға әдеттенгенге дейін, ата-ана кітапты бірге оқуы керек.
4.Жақсы кітаптардан талғап, ой-өрісіне қарай таңдап беру керек.
5.Кітап сыйлауды дәстүрге айналдыру керек.
Ендеше аудандық орталық балалар кітапханасына оқырманы болуға бүлдіршіндеріңізбен асығыңыздар!

 

 

 

 

 

Зарина Мусабаева

       Қостанай облысы,Аманкелді ауданы

Аудандық орталық балалар

кітапханасының меңгерушісі.