Егемен еліміздің 26 жылда жүріп өткен қысқа да болса нұсқа жолын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнін бағалап, ертеңгі күнін болжағанда ең бірінші ойға оралатын ,көңіл толқытатын оқиғалар-Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларация.

Тәуелсіз елдің ендігі қадамы- егемендігінің заңнамалық тұғырын жасап, құқықтық қазығын қағу болды. Сондықтан да 1995 жылғы 29 маусымда өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының ІІ сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі заңның жобасы жайында сөз етіп, оның келешегі туралы келелі ойларын ортаға салды. Ассамблея бірауыздан қолдаған заң жобасы қоғамның талқылауына ұсынылды. Нәтижесінде 1995 жылы 30- тамызда, Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасап, жаңа Конституцияға дауыс берді.

Айтулы тақырыпқа орай,аудандық орталық балалар кітапханасы «Тәуелсіздік тірегі –Ата заң» атты кітап көрмесі ұйымдастырып, адамның құқықтары мен бостандығының, ар- ожданы мен адамдық қадір-қасиетінің қорғалуының кепілі, заңдық тұғыры болып табылатын Конституциямыз қалай дүниеге келгені жайында айтылып, оқырмандарға кітап көрмесі таныстырылды.

Елбасының: «Халық-биліктің қайнар көзі, Конституция- көптің киелі сөзі» деген толғамды сөзі бар. Киелі сөздің қадірін түсінген халықтың аспанын бұлт шолмайды. Ендеше, Конституция бойынша өмір сүру қажеттілік қана емес, қасиетті борышымыз. Бұл –өз құқығы мен бостандығын сыйлаумен қатар, өзгелердің де құқықтарын мойындайтын еркін адамдардың ерікті таңдау болуға тиіс. Тек сонда ғана біз жеке азаматтар емес, тұтас бір халықпыз.

Зарина Мусабаева

Қостанай облысы,Амангелді ауданы,

Аудандық орталық балалар

кітапханасының меңгерушісі.