Қазақ әдебиетінің тарихында ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атаумыз орынды деп білеміз.

Өйткені ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда бірегейі. Олай дейтініміз Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шәкәрім. Ол – әрі лирик, әрі эпик ақын және прозалық, ол – композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқырмандарын таныстырған шебер аудармашы, ол терең ойшыл әрі он саусағынан өнері тамған сегіз қырлы өнерпаз, үлкен мәдениет қайраткері. Жақында  Биылғы Республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясы бойынша үш кітап таңдалып алынды. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі және Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» хикаят – монологі таңдалып, оқуға ұсынылды. Осы мерекеге орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ұлы ғұлама, ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының  туғанына 160 жыл толуына орай «Адамзат таныған Шәкәрім» атты әдеби кешіміз өтті. Кешіміз ақынның өмірі мен шығармашылығына арналды және Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні тыңдалды. Іс – шараға Ә.Боранбаев жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары атсалысты. Сонымен қатар «Абайдың нағыз мұрагері» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Көрменің мақсаты - оқушыларға Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерінің идеясын түсіндіру, рухани- адамгершілік қағидаларымен танысу, өлеңдерін нақышына келтіре оқуға баулу; Шәкәрімнің  өлеңдері арқылы оқушылардың рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.