Аудандық орталық кітапхананың оқу залында «Нұр Отан» жасампаздық пен дамудың 20 жылы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шара партияның мерейтойына орай ұйымдастырылды. Айтулы еңбекті Жанар Буканованың басшылығымен Саяси менеджмент академиясының шығармашылық ұжымы дайындады. Кітаптың тұсау кесеріне Амангелді аудандық  «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы,   аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі, кітапхана қызметкерлері қатысты.


Шара барысында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы партияның идеологиялық бағдарлары мен маңызды жетістіктері туралы айта келе мерейтойлық кітаптың маңызына тоқталды. Бүгінгі жарық көріп отырған кітапта алғаш рет билеуші партияның феномені жан-жақты түсіндіріліп, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріндегі «Нұр Отанның» рөлі мен саяси көшбасшылықтың негізгі тетіктері туралы жазылған. Іс-шараға қатысып, жаңа кітапқа қызығушылық танытып, қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға партия атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Н.Әбдіғалиев

Аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі Әлшорин Сейдеғалым кітаптың тұсауын кесіп, сөз сөйлеп, партияның тарихына, оның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестері, партия дамуының перспективалары туралы өз ойын ортаға салды.

Шара барысында «Нұр Отан партиясына 20 жыл» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Мерейтойлық кітаптың авторы, саяси менеджмент академиясының директоры Жанар Буканова бұл туынды партия туралы жазылған алғашқы аналитикалық еңбектердің бірі екенін атап өткен. Айта кетейік, авторлар ұжымымен дайындалған кітапта партияның қалыптасуы мен дамуындағы қызметіне талдау жасалған. Кітапта  партияның 20 жылдығы, осы кезеңдегі даму жолы, партияның саяси көшбасшылығы, даму перспективалары баяндалған.

А.Аубакирова

Аудандық орталық

кітапхананың библиографы