Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды.
Қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін барлық қазақстандықтар қазақ тіліне деген құрметін арттыру, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау қажет.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады.
Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын . "...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақ.
«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан-дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап, отыратын қазына»,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы шарт.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, құрметтеу арқылы басқа тілді де, оның мәдениетінде қадірлейміз. Өткенді, бүгінгіні, болашақ қазынаны тілмен жеткіземіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.
Мусабаева Зарина Амантайқызы
Қостанай облысы,Амангелді ауданы
Балалар кітапханасның меңгерушісі