Осыдан 92 жыл бұрын, 1928 жылы 17 қаңтарда Амангелді ауданы құрылған болатын.Осы айтулы күнге орай Амангелді ауданы әкімдігінің  мәдениет және тілдердідамыту бөлімінің  орталықтандырылған  кітапхана жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Туған жердің топырағы киелі» атты кеш ұйымдастырылды.

 

Кеш мақсаты- -әр адамның туған елін, жерін, Отанын сүюге, туған жеріне  деген  сүйіспеншілігін  арттыру, жас  ұрпақтың  бойында  еліне,  Отанына,  жеріне, ұлтына  деген  патриоттық  сезім  қалыптастыру,  ұлттық   салт – дәстүрді, еліміздің    мақтаныштарының үлгі - өнегелерін  құрметтей  білуге  тәрбиелеу.

Қазақ халқының киелі орны, Ұлы даланың бір бөлімін Торғай даласы алып жатыр.Осы қарт Торғайдың бір саласында- асты кенге бай, үсті адамға құтты қоныс, малға жайлы, тарихтың талай қатпарынан өткен ел- Батпаққара елі  .

90 жылдың ішінде аудан небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді.1929 жылғы голощекиндік геноцидке қарсы Батпаққара көтерілісі, 1932 жылғы аштық,1937-38 ж.саяси қуғын-сүргін,1941-45 ж.Ұлы Отан соғысының зардаптары біздің ауданымызды айналып өткен жоқ,көптеген кінәсіз жандар жапа шекті.Сол сұрапыл жылдары елінің тәуелсіздігін аңсап аттан түспеген,намысын қылыш қып сермеген батыр бабаларымыздың ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге.

Кешке осы аудан тарихынан сыр шертуге, кейінгі ұрпаққа өнегелі ғибрат айтуға ауданымыздың ақсақалдары, сала мамандары мен мектеп оқушылары қатысып, ауданымыздың даму тарихындағы айтулы кезеңдері, өздері куә болған қиындықтары мен қуаныштары жайлы естелік-әңгімелерге қанықты.

Кеш барысында жерлес жазушыларымыз  Х.Мұсабаевтың «Туған жерге тағзым», «Амангелді рухымен сырласу», Ә.Орманшинаның «Киелі өзім үшін Батпаққара» өлеңдерін  Амангелді орта мектебінің 7 сынып оқушылары Жолдыбек Карина, Сұлтанова Айым, Жамбыл Айым,Жаңбыршы Гүлсезім оқып берсе,мәдениет саласына өз үлесін қосып жүрген, облыстық меценаттар клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты Ізтілеуов Балтасар Тұрысбекұлы «Мәдениет және өнер» атты жыр шумақтарын тарту етті. Жас ұстаз, 2017 жылғы «Амангелді ауданы жастарының Алтын кітабының» лауреаты  Мухатина Саягүл  Сәбитбекқызы қазыналы қарттарымызға алғыс айтып, елге адал қызмет ете беретінін жеткізді.

Сонымен қатар,«Туған жерім-киелі Батпаққарам!» атты  кітап көрмесіжасақталып,таныстырылды. Аудандық мәдениет үйінің әншілері кеш көркін қыздырып,қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Бүгінгі күні аудан жастары баба ұрпақтың, ата ұрпақтың жақсы дәстүрлерін жасампаздықпен жалғастырып, жаңа биіктерге көтерілуде.Ұлт мұратына әрдайым адал боп, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің Көқ туын көкте желбіретуге өз үлестерін аянбай қосуда.Әркімге өз туған жері-жер төресі,.Сондықтан, туған ауданымызға, барша халқына бақыт тілейміз!Ауданымыз одан әрі көркейіп, кемелдене берсін!

 

 

Г.Қалмағанбетова

Амангелді аудандық орталық

кітапхана қызметкері