Тәуелсіз елім – тұғырың сенің биікте.

Тәуелсіздік ақ батасы атамның,

Күлімдейді менің Байтақ Отаным.

Жан жылытар сәбидің шат күлкісі,

Қашаннан қалған сынығымын мұраның.

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алған кезде халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Нұрсұлтан арман қалаға айналды. Тәуелсіз қазақ елінің Ақордадай «Нұрсұлтан» атты рухани тұғыры бар.

Амангелді аудандық орталық кітапхананың оқу залында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай  «Тәуелсіздік – тынысың, бүгінгі дәулетің, ертеңгі ырысың» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қорындағы тәуелсіздікке арналған кітаптар қойылып,  көпшілік қауымға таныстырылды.

Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс.

Амангелді аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі

Баяхметова Мақпал Далабайқызы