Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. 8 наурыз-ару қыз,ардақты ана,аяулы әжелердің мерекесіне орай Амангелді аудандық орталық кітапханасында «Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын» атты мерекелік кеш  ұйымдастырылды.

Кешке арнайы қонақ ретінде отбасының ұйытқысы, данагөйі, ақылшысы боп отырған  Баймұханқызы Бөдеш, Аюбекова Күләйша, Шаяхметова Күләш, Аубакирова Жібек сынды аяулы аналарымыз келіп қатысып, өздерінің  қызметтік кезеңдерінен бастап,жүріп өткен өмір жолдары, отбасындағы құндылықтар, бала тәрбиесі, ене мен келін сыйластығы, т.б. көптеген тақырыпта ой бөлісіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Ұстаз боп қызмет еткен қонақтар бұл қызметтің жауапкершілігі жайлы, қазіргі кезде шәкірттерінің әр салада еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүргеніне  қуанып, тілекші боп отыратынын айтса, қазақтың жақсы бір дәстүрі- қонақкәде ретінде Бөдеш анамыз өнерден құралақан еместігін  дәлелдеп, домбырадан  тамылжыта  ән шырқап берді.

Талай сәбидің еміне шипа дарытып жүрген ауданымызға белгілі шипагер әрі ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған, отбасымен қатар, бос уақытында тігін тігіп, тоқыма тоқумен де айналысып жүретін Жібек Сәбитқызының да осының бәріне қалай уақыт таба білетіндігіне қайран қаласың.

Кешке  жас та болса талапты,  облыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі Бибіт Нұрмұханов  арнайы келіп, аяулы аналарымызға өзінің ақ тілегін арнап, жыр жолдарын тарту етті. Ы.Алтынсарин орта мектебінің 6 сынып оқушысы Төлеміс Шахризат «Сайра ,бұлбұл», аудандық мәдениет үйінің әншісі Мұхамеджанова Әйгерім «Ана», «Бұлбұл» әндерін шырқап, көптің көңіліне қуаныш сыйлады.  Әжелеріне деген ыстық ықыласы мен құттықтауын  ұрпақтары, немерелері  экран арқылы жеткізіп, құттықтап өтті. 

Оқырмандар да өз кезегінде қонақтарға ақ тілек, құттықтауларын жеткізіп, кітапхана басшысы  Мұсабаева Көркем Амантайқызы  қонақтарға  алғыс айта отырып,  кітапхананың атынан сый-сияпат ұсынды.

Кеш барысында "Ана-өмір ажары" атты кітап көрмесі ұйымдастырылып,шолу жасалынды. Қонақтар естелік суреттерге түсіп, жақсы көңіл -күймен,жақсы ниетпен тарқасты.

Маған қымбат адам жоқ бір анадан,

Бар жақсылық аналардан жаралған.

Жер бетіне өмір нәрін себуші,

Аналарға борышты ғой бар адам,-дегендей, әрқашан аналардың қадіріне жете білейік, немере бағып, ертегі айтып, бесік тербетіп жүрген ақ жаулықты аналарымыз аман болсын!