Бәсекеге қабілетті, еңбекқор, қиыншылықтарды жеңе білген қасиетті де киелі мекен-ол біздің Үрпек ауылы, және оның халқы. Ауылымызда жылдан жылға ел игілігіне пайдаланатын нысандар бой көтеруде. Әрине бұл-өз қаражаттары есебінен демеушілік жасаған,қолы ашық,жақсылыққа жаны құмар азаматтардың еңбегінің арқасы.”Жақсының-жақсылығын айт, нұры тасысын”,-дегендей елі үшін еңбек етіп,аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың ұлы істері болашақ ұрпаққа өнеге. Өткен жылы Амангелді-Үрпек бағытындағы жол асьфальттанып пайдалануға берілсе, биылғы жылы “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында ауылымыздың Намазбай Әмзин,Сәрсенбай Құрсаубайұлы, Әліби Жангелдин, Төлеген Әбдібеков, Амангелді Иманов көшелері асфальттанып пайдалануға берілді. Үрпек аулының тұрғындары үшін қуантарлық жағдай.

Футбол алаңы,ауыл клубы,Сарыбасқажы мешіті,енді міне  ауылымыздың кіреберісіне орнатылған әсем арка.

Шілде айының 3-ікүні Үрпек ауылында Үрпек аркасының, Үрпек-Аманкелді жолының, ауыл көшелері асьфалттарының ашылуына салтанатты  іс-шара өтілді.

Іс-шараға ауыл қонақтары және осындай игі іске ат салысқан құрметті азаматтар қатысты. Іс -шараның алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Карбозов Талғат Тойшыбекұлына берілді. Құттықтау сөз сөйлеп, ауылымыздың құрметті азаматтары, ауыл жанашыры Нұрлан Сәбитбекұлына, Дархан Мұхамедиярұлына, Бейбіт Қоңқышұлына шын жүректен жылы лебізін білдіріп, алғыс хат табыстады.

Ауылымыздың өнерлі ағайынды Балахметовтар ән шашу арнады.   

Ауылымыздың ақсақалы Ғабдуллин Қошан әкеміз, қанша жыл  ел басқарған ардақты анамыз Несібелді Бірәліқызы және  білім саласының үздігі Ереубай Таңатқан Жұмабайұлы ауыл халқын шын жүректен құттықтады. Таңатқан Жұмабайұлы “Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді”-деп ауылымыздың көркеюіне үлес қосу әрбіріміздің парызымыз екенін тілге тиек етті. Нұр-Сұлтан қаласынан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 2-курс студенті әнші қызымыз Ақмырза Аяулым “Жұмақ мекен” әнін орындап,ауыл қонақтарының қошеметіне бөленді. Әсем даңғылдың лентасын қию рәсімі Талғат Тойшыбекұлына,  Нұрлыбек Сәбитбекұлына, Дархан Мұхамедиярұлына берілді. Арканың лентасы қиылған соң,ақжаулықты әжелеріміз бен аналарымыз шашу шашты. ”Батаменен ел көгерер”,-дегендей Сарыбасқажы мешітінің имамы Асылан Мүбәракұлы ақ батасын берді. Өнерлі шәкірт Бейсен Гүлназ Мадиярқызы “Жолың болсын жолаушы” әнін орындады. Ән ортасында тұрғындарымыз темір тұлпарларымен шеру жасап өтті. Келген қонақтарымыз“сапарларың сәтті  болсын”, ”Ақ жол!”деп ағынан тілектерін жаудырды. Мерекелік іс-шараның соңы қазақтың ұлттық ойындарымен жалғасты.Көкпар,тай жарыс,күрес басқа да спорт түрлерінен сайыс өтті. Үрпек ауылы жас та болса, бас бола білетін Жастарымен мақтанады.Осындай  үлгі тұтар   азаматтары бар   мекеннің болашағы жарқын боларына сенімдіміз!

 

 

Ағаштыкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы: Байдильдина К.Б