Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Сондықтан біз, кітапханашылар, білімнің бастауы - кітап дей отырып, кітап мәртебесін көтерумен бірге елімізде болып жатқан әрбір оқиғалардың насихатшысымыз. Кітапхнанашы мамандығының қызметі күні бүгінге дейін еленбей келді. Көзге көрінбейтін ұсақ та қиын жұмысын әр кітапханашы адал  атқарып келеді. Биыл, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан- КІТАПХАНАШЫЛАР күні» болып бекітілді. Осы мерекеге орай, 18-қазан күні  Амангелді аудандық орталық кітапханасында тұңғыш рет «Кітапханашы - мәртебелі мамандық» тақырыбында  кітапханашылар күні мерекесі аталып  өтілді. 

Іс шарамыздың ашылу сәтін, Аудан әкімінің орынбасары Ғаниев Сүндет Жолдыбекұлы сөз алып, білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екенін, жаңа технология заманында да кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала беретінін айтып, қатысушы кітапханашыларға сәттілік пен еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қоса, қызметкерлерді мереке қарсаңына Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қалмаков Ерлан  Болатұлының «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай және мәдениет пен өнер саласын  дамытуға қосқан елеулі үлесі» үшін Ақдәулетова Шынар Қайыржанқызы мен  Сейлова Майра Нұртазақызы марапатталды.

        Кітапханашылар мерекесіне  арнайы шақырылған қонақтар: Ардагерлер кеңесінің төрағасы - Дауылбай Есім Жетпісбайұлы, Амангелді аудандық мәслихат аппаратының басшысы Әлшорин Сейдағалым Шіменбайұлы, Кітапхана жанашыры, жеке кәсіпкер Әлмағанбетов Нұрлыбек Бөгетбайұлы сөз сөйлеп, «Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз,  өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де содан табамыз» деп өз ойларын айтып, кітапхана жұмысына  алғыстарын білдірді.

         Іс – шара барысында кітапханашылар  күндерінің бағдарламасы және мақсатымен таныстырып өтті. Шараның мақсаты:  кітап оқуды өмір салты ретінде қолдау және әдеби үрдісін бүкіл елдің басын қосатын бірегей құбылыс ретінде сақтап қалу, бос уақытты  тиімді ұйымдастыру саласында жаңашылдықтарды іздестіру, кітапхана ісін дамыту, кітап оқуды насихаттау, кәсіпқой қауымдастықты қоғаммен байланыстыру.

 Алғашқы болып Амантоғай ауылдық кітапханашысы А.Қойжігітова мен  Жалдама ауылдық кітапханашысы  А.Мыржакимованың ұйымдастыруымен жазушы Т.Дәуренбековтың "Кітаптар мұңы" әңгімесі бойынша көрініс қойылды. Іс-шараға қатысқан кітапхана оқырмандары Ә.Тыным, Б.Едресова, А.Аманжол оқулықтар рөлін сомдап, өздері көрген қорлықтарын айтып, мұңдарын шағып, балаларды кітаптарды ұқыпты, әрі таза ұстауға шақырады.

Екінші, Тұңғыш Елбасымыз "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жаңғырту мақсатында Кемер ауылдық кітапханашысы М.Қабыкенова  және Есір ауылдық кітапханашысы А.Қайныкешова ауылдық кітапханашылары оқырмандармен қазақтың ұмыт қалып ежелден келе жатқан "Шеге шапан" салтын көрермен назарына тарту етті.

Орталық балалар кітапханасының кітапханашылары: Ильясова Э., Ақдәулетова Ш.  «Шалқан» ертегісі бойынша қойылым ұйымдастырды. «Шалқан» ертегісіндегі кейіпкерлердің рөлін, кітапхана жас оқырмандары сомдады, сонымен қатар, Қабырға ауылдық кітапханашысы Б.Шибұтова мен  Жанатай ауылдық кітапханашысы Б.Ташаева «Қызыл телпек» ертегісінен қуыршақтар театрын қойылымын көрерменге ұсынды.

Келесі кезекте, Қосжан ауылдық кітапханашысы Б.Аубакирова, Ағаштыкөл  ауылдық кітапханашысы Оспанова С., «Өнерлі өлке» әдеби-сазды іс-шара өткізді. Іс-шара өте жоғары деңгейде өткізілді, кітапхана оқырмандары Балахмет Жәнібек, Жансұлтан, Инабат Нұрдана қатысып, бірнеше әндерін орындап, жақсы көңіл күй сыйлады.

Тасты ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен   А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай  «Анаға хат» атты өлеңінің желісі бойынша көрініс қойылды. Көріністе «Анаға хат» өлеңін Тасты ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Сапабеков Мақсат Оралбекұлы нақышына  келтіріп оқып шықты. Өлеңнің желісі бойынша рөлдерді сомдаған: күзет рөлін - Ақсауат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сейлова Майра, хат тасушы бала рөлін - аудандық орталық балалар кітапханасының оқырманы Әлібекұлы Нұржан,  Ахметтің анасының рөлінде - Имансейтова Шолпан Көбекқызы. Іс – шара соңында Тасты ауылдық кітапханасының кітапханашысы Имансейітова Шолпан Ахмет Байтұрсынұлына арнап шығарған «Ахметке арнау» атты жыр шумақтарын тарту етті.

 Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханшысы Г. Қалмағанбетова кең көлемде жасалған «Ұлттың ұлы көсемі» және «Туған жерім-киелі мекен» атты кітап көрмесі жасап, шолу жасады.

Библиография бөлімі «Рухани байлықтың кешені - кітапхана» атты бейнебаян дайындап, қонақтарға тарту етті. Бейнебаян үш бөлімнен құрастырылған. Бірінші бөлімде, осы кітапханада жұмыс істеп, құрметті зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері мен басшылары және кітапхана қызметкерлерінің еңбектері мен марапаттары,  екінші бөлімінде кәзіргі кітапхана директоры Көркем Амантайқызы және кітапхана  қызметкерлерінің еңбектері мен марапаттары, үшінші бөлімінде ауылдық және орталық кітапханашылардың шығармашылықтары туралы баяндалды. Бұл бейнебаянның  мақсаты жалпы оқырман қауымға кітапхана қызметкерлерінің жұмысын, еңбектерін дәріптеу, кітапханашылардың жұмыстарын бағалау мақсатында жасалды.

Байғабыл ауылдық кітапханашысы З.Бірғалиева және Құмкешу ауылдық кітапханашысы Б.Князованың  ұйымдастыруымен «Спорт – біздің серігіміз» атты кітапханашылармен сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты: Кітапханашылар арасында өзара татулық орнату, кітапхана саласы бойынша білімдерін жетілдіру, ойын арқылы көңіл - күйлерін көтеру.

Бұл сайысымызда өзіміздің ойы зерек, қиялы жүйрек өзінің кәсіби шеберліктерін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп отырған білімді кітапханашылармен өткізілді.Сайысымыз 5кезеңнен тұрды.

1.кезең Сұрақ-жауап.Кім жылдам.10 сұрақ қойылады.

2.кезең Дартцтың көмегімен көздеп шарды жарып ішіндегі қағаздағы сұрақтарға жауап беру.

3.кезең Таяқшаның көмегімен шарларды шеңберге салу.

4.кезең Стакандағы суды қағаздың көмегімен өзіне қарай жинап алу.

5.кезең Кім күшті.қол күрес.

Сайыстың қорытындысы бойынша, барлық қатысушы кітапханашыларға  жеңімпаз деген марапаттары мен қатысқан үшін сыйлықтар берілді.

Үрпек ауылының кітапханашысы  М.Нұржанова мәдениетті, білімді, ойлауы терең, парасатты, еңбекқор кітапханашыларды анықтау мақсатында, ауыл кітапханашылары арасында «Білімді кітапханашы» сайысын өткізді.  Сайыс нәтижесінде І орын Амантоғай ауылының кітапханашысы  Қойжігітова Айнұр Теміржанқызы, ІІ орын Үштоғай ауылдық кітапханашысы Смағұлова Үкі Мұсақызы, ІІІ-орынға Есір ауылдық кітапханашысы Қайнекешова Айнұр Тұрлыбекқызы ие болды. Марапат иелері арнайы алғыс хатпен және сыйлықпен марапатталды.

«Кітапхана – мәртебелі мамандық» атты кітапханашылар күніне арналған бағдарлама соңында Амангелді ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Сейдин Сағынғали Зәкірұлы  кітапханашыларды мерекелерімен құттықтап,  еңбек етіп жүрген кітапханашы әріптестерімізге, кітапхана жұмысының  сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шығып, олардың талаптарын қанағаттандыру  бағытында  еңбектеріне толағай табыс тілеп, кітапханашыларды алғыс хатпен марапаттады. Кеш соңында кітапханашылар мерекесіне кітап бейнесіндегі  торт әзірленіп,  суық отшашу мен   мерекелік ән орындалды.

 

 

Кітапхана әдіскері: Бірмағамбетова Жансая Боранбайқызы