Қарты бар ел - қазынасы бар ел. Халқымыз ежелден қарттарын төрге жіберіп, сөздеріне ұйыған. Ауданымызда осы  қарияларымыздың батасы ел аузында қалсын, жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен аудандық ардагерлер кеңесі мен орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Батагөй қария» сайысы өтті. Сайысқа аудан орталығынан және ауылдық округтерден сайыскерлер келіп қатысты.

Үлкенге үлгі, кішіге өнеге болған, көпті көрген көнекөз қарияларымыздың тағылымы мол. Бағалай білсек, кез-келген қарияның ұрпаққа айтар жақсы сөзі, көрсетер үлгі-өнегесі бар. Қарттардың басты мұраты – жастарға тілекші болу. Ал, жастардың міндеті оларды құрметтеу, сыйлау.

Сайыс шарты бойынша ақсақалдар таныстыру,сәби дуниеге келіп, азан шақырып ат қойғанда, дастарханға, үйлену тойына арналған, жолаушы жолға шыққанда, халыққа, наурыз мерекесінде айтылатын  бата үлгілерін айтып, киіну мәдениеті бойынша сайысқа  түсті.

Сайыс нәтижесі бойынша , әділ қазылардың шешімімен 1-ші орынды  аудан  тұрғыны-Серікбаев Қыстаубай ақсақал,  2-ші орын Есір ауылынан  Ізтілеуұлы Тұрысбек ақсақал, 3-ші орынды Байғабылдан келген Мұханбетжанов Болат пен аудан тұрғыны Айтбаев Оразбек ақсақал өзара бөлісті.Жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Тасты ауылынан келген  Жәуке  Мейрамхан, аудан атынан қатысқан Тәуірбаев Айдар, Итқарин Күмісбай ақсақалдар орын алмаса да, халық қошеметіне бөленіп, зор ықыласқа ие болды.

Аудандық мәдениет үйінің белді әншілері сайыс  барысында әуелете ән салып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлай білді.

 

Бабалардан қалған бата – біздің дүниенің бар асылына айырбастағысыз асыл қазынамыз, киелі тұмарымыз! Ия, данагөй қарияларымыздың аузынан шыққан ғибратты сөздері, ақ тілектері қабыл болсын.