Еліміз 1995 жылы басты құжат - Конституцияны қабылдады. Жасампаздықтың  жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

Ата Заң тәуелсіздігіміз  бен тұтастығымыздың кепілі ретінде  біздің бірлігімізді  бекемдеп, елдегі тұрақтылық  пен  татулықтың берік тұтқасы болды.

Осы мерейлі  межеге биыл 22 жыл толып отыр. Амангелді аудандық орталық кітапханасында осы мерекеге  орай «Ата Заңым - алтын қазығым» атты кездесу кеші болып өтті.

Кеш мақсаты - Ата заңымызды кеңінен насихаттап, егжей-тегжейлі таныстыру, еліміздің басты  құжатын құрметтеуге үйрету, патриоттық тәрбие мен адам бойына жақсы қасиеттерді сіңіру.

Кешке  аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушісі Бауыржан Бірлікұлы, «НұрОтан» партиясы Амангелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, запастағы подполковник Әбдіғали Нағашыбай Қасымханұлы, бас имам Жандарбек қажы Мүбаракұлы, Ы.Алтынсарин мектебінің әлеуметтік педагогы Шаханова Роза Сапарқызы қатысып, бала құқығы, заң бұзушылықтар, құқықтық сауаттылық, имандылық, адам бойында көркем мінез қалыптастыру, қазіргі жастардың арасында белең алып отырған суицид,т.б. мәселелер төңірегінде сыр бөлісіп, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кеш соңында  қонақтарға  кітапхана атынан сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар  «Еркін елдің Ата Заңы ардақты!» атты кітап көрмесі  ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Конституция — бұл да ел рәміздерінің бірі. Сондықтан негізгі Заңды елдің Туы, Әнұраны және Елтаңбасы секілді қадірлеу, құрметтеу - біздің парызымыз» деген. Сондықтан әрбір адамның заң талабына бағынып жат қылықтар, өрескел тәртіп бұзушылыққа бармауы, өзіне жүктелген міндетті уақытылы орындаудың өзін еліміздің Ата Заңын, халықты құрметтеуі деп білуімізге болады.

Қалмағанбетова Г.
Аманкелді  аудандық орталық
кітапханасының қызметкері